
Қостанайдың «Тобыл» клубының спорт директоры Әлішер Әпсәлемов Қазақстан Кубогының финалы қарсаңында KFF League тілшісіне сұхбат берді.
– Әлішер Ерболатұлы, Қостанай клубындағы алғашқы жылыңызда команда ҚПЛ-да чемпиондыққа таласып, Кубокта финалға шығып үлгерді. Бұл табысқа өзіңізді қаншалықты үлес қостым деп санайсыз, әлде бұл жай ғана сәйкестік пе?
– Футболда кездейсоқтық болмайды. Қазіргі кезеңде команда жүлделі орындар үшін талас жүргізіп, Кубоктың финалына шықты, ал біздің ортақ міндетіміз – маусымды барынша табысты аяқтау. Мен бұл жұмыстың бір бөлігі болдым, бірақ айта кету керек: нәтиже — клубтың барлық құрылымының кешенді әрі үйлесімді жұмысының жемісі.
– «Тобылға» спорт директоры болып келмей тұрып, сіз басқа қазақстандық клубтарда және шетелде қызмет еттіңіз. Бұған дейін бас директор, менеджерлік қызметтерді атқардыңыз. Бұл позициялардағы жұмыстың ерекшелігі қазіргіден қатты өзгеше ме?
– Әртүрлі клубта, әртүрлі лауазымда еңбек еткен тәжірибем маған футболды жан-жақты қарауға мүмкіндік берді. Басқарушылық шешім қабылдаудан бастап, команда жасақтауға дейін. Қандай қызметте болсам да, негізгі процестерге араласып, үлкен көлемдегі жауапкершілікті мойныма алдым. Бұл бүгінгі күні «Тобылды» дамыту үшін салмақты әрі стратегиялық шешімдер қабылдауға көмектеседі.
– Белгілі жайт, «Тобыл» маусым соңына дейін қалған барлық матчтарды жеңуге ұмтылады. Дегенмен: басты мақсат қайсысы – чемпионатта үздік үштікке кіру ме, әлде Кубокты жеңу ме?
– Біз үшін таңдау жасау міндет емес. «Тобыл» барлық жарыста максималды нәтижеге ұмтылады. Сондықтан чемпионат болсын Кубокта болсын жеңіске жету үшін барын салады.
– Кубок финалын алғаш рет Қызылорда қаласы қабылдайды, шешуші матч жаңа стадионның жасанды алаңында өтеді. Бұл жағдай «Тобылға» өз септігін тигізеді деп ойлайсыз ба? Өйткені сіздер маусымның жартысына жуығын дәл осындай «синтетикада» өткіздіңіздер. Сондай-ақ, 2023 жылғы финалда да қостанайлықтар дәл осы «Ордабасыны» елордадағы «Астана Аренадағы» жасанды алаңда жеңген еді…
– Мұны артықшылық деп айту қиын. Біз кез келген алаңда бірдей ойнаймыз, ал финалда шешуші рөлді команданың дайындығы мен соңына дейін күресуге деген жігері атқарады. Нәтижені алаң емес, ойынның өзі анықтайды.
– «Тобылды» Қызылордада жанкүйерлер қаншалықты қолдамақ? Клуб Кубок финалына жанкүйерлердің баруына қалай да көмектесуді жоспарлап отыр ма?
– Финал – ерекше матч, біз үшін трибуналардың қуаты маңызды. Біз жанкүйерлердің Қызылордаға баруына көмектесіп жатырмыз және олардың команда жанында мүмкіндігінше көп болғанын қалаймыз. Олардың қолдауы бізді әрқашан жігерлендіріп, соңына дейін күресуге күш береді.