«Тараз» қақпасына гол соққан жартылай қорғаушының ойын соңындағы пікірі:

– Бұл осындай жоғары дәрежедегі турнирдегі алғашқы ойынымыз болды. Жігіттер матч алдында сәл қобалжыды, бірақ кездесу басталысымен толқынысымыз да бәсеңдеді, ары қарай біз өз футболымызды көрсетуге тырыстық. Мұндай футбол атмосферасын алғаш рет көруіміз, бір жағынан, жанкүйерлердің қолдауы бізге сенімділік берді. «Тараздың» құрамында жоғары дәрежелі ойыншылар бар, жылдамдығы басқа, бірақ біз солардың деңгейінде ойнауға тырыстық. Олар допты өте жақсы ұстады, алайда бізге соңғы пас жетіспеді.

Мен үшін бұл ойынның маңызы бөлек еді, маған сенім білдірген адамдардың үмітін ақтағым келді, сондықтан қандай есеп болса да, алға ұмтылып, гол соққым келді. Ойын соңында бізге қиынға соқты және қарсылас соны пайдаланып кетті. «Тобыл» басшылығы жас жігіттерге Қазақстан Кубогында өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, біз бұған өте қуаныштымыз. Менің ойымша, есеп біздің пайдамызда болмаса да, «Тараз» жанкүйерлерінің қошеметіне бөлендік, өйткені, ең бастысы – лайықты ойнадық.

Шілде 10, 2022