Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2022 жылғы маусымды қорытындылауды жалғастыруда. ҚКФЛ өткен маусымының үздік жартылай қорғаушысын анықтау үшін Қазақстан OLIMPBET- чемпионаты командаларының бас бапкерлері мен капитандары арасында сауалнама жүргізді.
2021 жылдан бастап маусымның үздік жартылай қорғаушысы жүлдесі белгілі қазақстандық футболшы, ал қазір тәжірибелі бапкер Вахид Юнусович Масудовтың есімімен аталады.
Дәстүрлі сауалнама қорытындысы бойынша еліміздің үздік жартылай қорғаушысы болып қостанайлық «Тобылдың» және Қазақстан құрамасының көшбасшысы Асхат Тағыберген атанды. 32-жасар ойыншы аталмыш жүлденің иегері болып екінші рет қатарынан атанды.
Өткен маусымда Тағыберген чемпионатта 24 матч өткізіп, 8 гол соқты, сондай-ақ 5 нәтижелі пас авторы атанды. Қазақстан құрамасының сапында Асхат 7 ойын өткізіп, 2 нәтижелі паспен есте қалды.