
2023 жылғы Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының II туры атақты бапкер Леонид Константинович Остроушконың құрметіне өтеді.
Остроушко – қазақстандық футболдың ұлы тұлғасы. Жаттықтырушы ретінде Леонид Константинович көптеген қазақстандық командаларда қызмет етті. Олар: «Қайрат», «Цементник», «Алатау», «Целинник» және «Шахтер».
Леонид Константинович Остроушко КСРО спорт шебері және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Оның бастауымен «Цементник» КСРО чемпионатының қазақстандық аймағында «Б» классында 1 және 2 орынға ие болды, «Қайратпен» бірге КСРО Чемпионатының 1 лигасын жеңіп алды, сондай-ақ жоғары лигада 7 орынға қол жеткізді – аталмыш жетістік қазақстандық командалар үшін ең үздік нәтиже. Остроушко Қазақстаннан тыс жерлерде де үлкен нәтижелерге қол жеткізді, атап айтатын болсақ ол «Дустликпен» Өзбекстан чемпионатының алтын медальдарын жеңіп алды, сондай-ақ Беларусь чемпионатында минскілік «Динамомен» үздік команда атанды. Оның бапкерлік жетістіктері қазақ футболының тарихына алтын әріппен жазылған!
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Леонид Остроушко атындағы жүлдені ұсынды. Аталмыш жүлде маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік бапкеріне табысталады.