
Қостанайлық «Тобыл» Премьер-лиганың 24-туры аясындағы өз алаңындағы ойында «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңді.
Кездесудің алғашқы минутынан-ақ қостанайлықтар ойынды бақылауына алды: допқа иелік ету көрсеткіші – 71%, ал қызылордалықтардың үлесі – 29%. «Тобыл» шабуылда белсендірек ойнап, қақпаға бес соққы жасады, оның үшеуі дәл тиді. Қонақтар болса бірде-бір нақты соққы жасай алмады.
Үзілістен кейін алаң иелерінің басымдығы айқын көрінді — 14 соққы, ал қарсыластың еншісінде небәрі екеуі ғана. Дегенмен гол соғу тек қосылған уақытта мүмкін болды: 96-минутта беларусь шабуылшысы Николай Сигневич көзге түсті.
Бұл жеңістің арқасында «Тобыл» 50 ұпайға жетіп, турнир кестесінде үшінші орынға бекіді. Команда көшбасшылар – «Қайраттан» (52) және «Астанадан» (53) аз ғана ұпайға қалып тұр. Ал 20 ұпай жинаған «Қайсар» 12-орында қалды.
Батыр Жолай