Қостанайлықтардың қақпашысы «Шахтермен» өткен ойыннан соң шағын сұхбат берді:
– Алдымен Қостанай облысының жанкүйерлерін чемпионаттың күміс жүлдесімен құттықтағым келеді. «Тобыл» араға он екі жыл салып вице-чемпион атанып отыр. Бұл – өте үлкен жетістік. Осы нәтижемен барлық жанкүйерлерді, командаластарды және басшылықты құттықтаймын.
«Шахтермен» өткен матчқа келер болсақ, маған алаңға шығуға мүмкіндік берген бапкерлерге алғыс айтқым келеді. Бір өкініштісі, кездесудің соңғы минуттарында күмәнді пенальти қойылды. Әрине, мұны талдау менің құзырымдағы мәселе емес. Екінші таймда гол соғатын сәттер болды, бірақ дәлдік жетіспеді. Чемпионатты жақсы көңіл-күйде аяқтағымыз келді.
Алаңда біздің мықты құрам ойнамаса да, команда жақсы көрінді. Матч оңайға соққан жоқ, өзімнің ойыныма көңілім толмайды. Гол кіргізіп алғаныма қапалымын.