
Қостанайлық «Тобыл» УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде белградтық «Партизанға» қарсы қарымта матч өткізді.
Командалардың бастапқы құрамы:
«Тобыл»: Бусурманов, Сенаджи, Ндиайе, Жагоров, Тағыберген, Сиссе, Асранкулов, Чесноков, Лисакович, Милованович, Герра.
«Партизан»: Крунич, Милич, Роганович, Митрович, Джурджевич, Вукотич, Костич, Алилович, Сек, Трифунович, Койцек.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ «Тобыл» тізгінді өз қолына алып, қарсылас алаңында белсенді қимылдады. Бірінші тайм аяқталғанға дейін қостанайлықтар басымдығын голға айналдыра алды — Ислам Чесноков мергендігімен көзге түсті.
Үзілістен кейін «Партизан» шабуылын күшейтті. Ойын эпизодтарының бірінде қонақтардың соққысынан кейін Сұлтан Бусурманов допты қақпа сызығынан асып кеткен сәтте тоқтатты — есеп теңесті.
Одан кейін қос команда да шешуші голды соғуға ұмтылып, қауіпті сәттер ұйымдастырды. Кездесудің қосымша уақытында қонақтар өз мүмкіндігін пайдаланды: 90+2-минутта Шака Траоре гол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі — 1:2.
Екі матчтың қорытындысы бойынша «Тобыл» УЕФА Конференция лигасындағы өнерін аяқтады.