Freedom QJ League 17 туры аясында «Тобылдың» 2009 және 2010 жылы туған жасөспірімдер командалары Тараз қаласында кезекті ойындарын өткізді.

Алғашқы болып алаңға Ермек Нұрғалиевтің жетекшілігіндегі «Тобыл 2010» командасы шықты. Кездесу алаң иелерінің басымдығымен өтіп, қостанайлықтар қарсылас қақпасына жол таба алмады. Тараздықтар төрт мәрте нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, матчты 4:0 есебімен аяқтады.

Ал U18 санатындағы «Тобыл 2009» командасының кездесуі тартысқа толы болды. Бірінші таймда Роман Гаврилюк мергендігімен көзге түсіп, қостанайлықтарды алға шығарды.

Үзілістен кейін алаң иелері есепті теңестіргенімен, «Тобыл» көп ұзамай қайтадан басымдыққа ие болды. Команда капитаны Руслан Жетенов 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті 1:2-ге жеткізді.

Артынша Нәби Таласбектің нәтижелі пасынан кейін Риза Жұмағұл үшінші голды соғып, қостанайлықтардың басымдығын арттырды. Алаң иелері матч соңына дейін бір голмен жауап бергенімен, кездесудің қорытынды есебі — 2:3.

Осылайша, Тараздағы 17 тур «Тобылдың» жасөспірімдер командалары үшін әртүрлі нәтижемен аяқталды: «Тобыл 2010» жеңіліс тапса, «Тобыл 2009» маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

31 августа, 2026