Freedom QJ League 17-туры аясында «Тобылдың» 2011 және 2012 жылы туған жасөспірімдер командалары «Тобыл Аренада» «Тараз» командасын қабылдап, қос кездесуде де жеңіске жетті.

Алғашқы матчта Игорь Бугаевтың жетекшілігіндегі «Тобыл-2012» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Қостанайлықтар сапында Исмеджан Бермұхамбет пен Илдар Жармағамбетов мергендік танытты.

Сенімді жеңістің арқасында «Тобыл-2012» турнирлік кестедегі өз орнын сақтап қалды.

Ал «Тобыл-2011» командасы өз кездесуінде қарсыласын ірі есеппен тізе бүктірді. Ойындағы алғашқы голды команда капитаны Назар Каленский соқты. Бірінші тайм аяқталғанға дейін Әділбек Балахмет есепті 2:0-ге жеткізді.

Үзілістен кейін қостанайлықтар шабуыл қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Арлан Медеев пен Майкл Онвуналу қарсылас қақпасынан саңылау тапса, Әділбек Балахмет тағы бір мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды.

Қорытынды есеп — 5:0.

Осылайша, Freedom QJ League 17-туры «Тобылдың» қос командасы үшін сәтті аяқталды. «Тобыл-2012» 2:0 есебімен жеңіске жетсе, «Тобыл-2011» қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

31 августа, 2026