
“Кайсар” мен “Тобыл” арасындағы Қазақстан Кубогының ширек финалдық кездесуі матчтан кейінгі пенальти сериясында аяқталды. Бұл сында алаң иелері 5:3 есебімен басым түсті.
Қызылордада өткен матчта костанайлық клуб ойын тізгінін өз қолында ұстады. Алғашқы таймда Бақдәулет Қөңілімқос есеп ашқанымен, сары-жасылдар шабуылда белсенді ойынын жалғастырып, 78-минутта таразы басын теңестірді. Миловановичтің пасынан кейін қорғаушыдан серпілген допқа бірінші болып Дәурен Жұмат жетті.
Қосымша уақытта “Тобыл” басымдық танытып, қарсылас команда жарақат салдарынан бір ойыншысынан айырылған соң сан басымдығына ие болды. Алайда осы мүмкіндікті голға айналдыру сәті түспеді. Керісінше, бір эпизодта Сұлтан Бусурманов командасын қауіпті шабуылдан құтқарып қалды.
Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. «Қайсар» футболшылары мүлт кеткен жоқ, ал «Тобыл» сапында жалғыз қателікке Дәурен Жұмат жол берді — оның добын қақпашы қайтарды.
Осылайша, «Тобыл» Қазақстан Кубогындағы өнерін аяқтады. Енді қос команда 17 мамыр күні чемпионат аясында қайта кездеседі.